Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрім президент пен құзырлы органдарға ашық хат жазды

Оның сөзінше, осы уақытқа дейін талабын айтып, аштық жариялап, қолын кессе де биліктің назарын өзіне аударта алмағанын


31/10/2023
16:07 13412 0

 

Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрім ашық хат жолдады. Онда ол уақытша ұстау изоляторындағы жағдайды баяндап, президент пен құзырлы органдар мәселеге назар аударуы қажеттігін айтқан. 

 

Тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрім хатында өзінің оппозициялық көзқарасы үшін заңсыз қамауда отырғанын жазады. Оның сөзінше, осы уақытқа дейін талабын айтып, аштық жариялап, қолын кессе де биліктің назарын өзіне аударта алмағанын. 

 

– 22.06.2023ж. күннен бері заңда көрсетілгендей тұрғылықты мекен-жайым бойынша емес, Талдықорғандағы №77 (ТИ-16) мекемесінде заңсыз қамауда отырмын. Бірнеше рет аштық жариаладым, қолымды кестім. Бірақ страус тұрысын ұстанған тоталитарлы жүйенің назарын аудара алмадым, – дейді Мұхаммедкәрім хатында. 

 

Журналист жазбасында өзі қамауда отырған Талдықорғандағы N71 мекемесі мен бұған дейін қамауда болған Алматы облысындағы Талғар және Есік қаласы мен Іле ауданындағы уақытша оқшаулау мекемелеріндегі тамақ, жатар орын, дәретхана, душ мәселелерін қозғаған. Оның сөзінше, қамаудағы адамдарды былай қойып, сол жерде күзет болып істейтін қызметкерлердің өзі адам төзгісіз жағдайда жұмыс істеуде. Қамауда жуыну және кір жуу мүмкін емес. Ғимаратта су мен кәріз жүйесі бір құбырға тікелей қосылған. Сол себепті жуынған адамның денесі мен киіміне нәжіс иісі сіңіп қалады. 

 

– Мен отырған үш уақытша оқшалау мекемесінде әжетхана да, душ та бар. Ә, ия бұл зындандарда тіпті кір жуатын машиналарды қойып  қойған екен. Обалы не?! «Кір жуамын немесе өзім жуынамын» десең аптасына бір-екі рет апарып тұрады. Бірақ, шыққанда жуған киіміңнен де, ысқылап жуған денеңнен де қи сасып тұрады. Малдың қиы болса көрім дерсің. Адамның нәжісі үстіңнен де, киіміңнен де мүңкіп шығып тұрады. Өйткені кір жуатын машина қызметкерлерге (түрме қызметкерлері) арналған әжетхана мен душ бір бөлмеде орналасқан. Су кететін кәріздік құбырлары бір жүйеге жалғанған. Ол-ол ма? Гений сантехниктер камералардағы қол жуғыш құбырларын тікелей унитазға жалғапты. Бәлкім олар: «Бәрі бір құбырға ағады емес пе?!»- деп ойласа керек. Осы оңтайлы шешімнің арқасында бүкіл қол жуғыш және бүкіл камера боқ-сідік сасып тұрады, – дейді Мұхаммедкәрім хатында. 

 

Бұдан бөлек, Думан Мұхаммедкәрім хатында өзімен бірге қамауда отырған бірнеше азаматтың мәселесін айтқан. 

 

Билікті ашық сынайтын тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрім «тыйым салынған ұйым ісіне араласу» және«экстремизмді қаржыландыру» баптары бойынша күдікке ілінген. Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған. Әблязов құрған ҚДТ қозғалысын Қазақстан билігі «экстремистік ұйым» деп танып, қызметіне ел аумағында тыйым салған. Ал 2019 жылы Еуропарламент ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.

Поделиться

Нет комментариев.

31/10/2023 16:07
13412 0

Уведомление